«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Директорлар кеңесі төрағасының
қызметін атқарушы
Нил Лонгфэллоу
ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҮНДЕУІ

Құрметті акционерлер!

2019 жыл «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Тобы үшін ең маңызды кезеңдердің біріне айналып, бірқатар маңызды оқиғалармен есте қалды. Компанияның жаңа корпоративтік стратегиясын іске асыру аясында 2018 жылы акциялар Astana International Exchange биржасында және Лондон қор биржасында алғаш рет жария түрде орналастырылды, кейін бағалы қағаздар 2019 жылы екінші қайтара орналастырылды; кезекті жылы сату көрсеткіштерінің жоғарылауы, клиенттік базаның, өнімдер желісі мен қатысу географиясының кеңейтілуі; корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын іске асыруға көбірек көңіл бөліне бастауы және корпоративтік басқару жүйесінің жетілдірілуі — бұл біздің жетістіктеріміздің бірқатары ғана.

2019 жылы Қазатомөнеркәсіп компаниясының мажоритарлық акционері – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Компанияның жалпы сомасы 128,2 млн АҚШ доллары көлемінде бағалы қағаздарын Астана және Лондон халықаралық қор биржаларында екінші қайтара орналастырды, сол арқылы акционерлердің санын арттырып, Компания инвесторларының қорын әртараптандырды: екінші қайтара орналастыру аясында шығарылған жаһандық депозитарлық қолхаттардың (ЖДҚ) шамамен үштен екі бөлігін шетелдік инвесторлар сатып алды, қалған ЖДҚ ұстаушылары Қазақстан Республикасының инвесторлары болды. Бұл жағдай Компанияның келешекте дамуына қатысты өсіп келе жатқан қоғамдық сенімді білдіреді.

2019 жылы жария компания мәртебесіне ие болған Қазатомөнеркәсіп Лондон қор биржасының алаңында алғаш рет Инвестор күнін өткізді. 2019 жылы Компания сонымен қатар акционерлердің алғашқы жылдық Жалпы жиналысын өткізді, оның қорытындысы бойынша дивиденд төлеу туралы шешім қабылданды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша төленген дивидендтердің жалпы сомасы 80 млрд теңгені құрады.

Есепті кезеңде Қазатомөнеркәсіптің корпоративтік басқару тәжірибесінде маңызды өзгерістер болды: бейінді комитеттер деңгейінде қарастырылатын мәселелердің жан-жақты талдануын қамтамасыз ету мақсатында Директорлар кеңесі комитеттерінің құрамы кеңейтілді, сондай-ақ ірі акционердің Директорлар кеңесі комитеттерінің жұмысына қатысуы артты.

Мен мүмкіндікті пайдалана отырып, соңғы бірнеше жыл бойы Қазатомөнеркәсіптің Директорлар кеңесінің жұмысына едәуір үлес қосқаны үшін Джон Дудасқа өз ризашылығымды білдіргім келеді. Джон Дудас 2015 жылдан бастап Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі және 2018 жылдан бастап Директорлар кеңесінің төрағасы бола тұра, 2019 жылдың желтоқсан айында қызметінен кетіп, Қазатомөнеркәсіптің ірі акционері – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Директорлар кеңесінің атынан Джонның Компанияға көрсеткен қолдауы және оны дамытуға қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс білдіріп, келешекте оған зор табыс тілегім келеді.

Директорлар кеңесінің атынан сондай-ақ Компанияның басшылығы мен қызметкерлеріне 2019 жылы жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берген жанқиярлығы, қажырлы еңбегі мен кәсіпқойлығы үшін алғыс айтамын.

2019 жылдың желтоқсан айында Қазатомөнеркәсіп БҰҰ жүйесінің қатысушысы болып табылатын ТБУ АЭЖХА Банкіне төмен байытылған уранның екінші – ақырғы жеткізілімін іске асырды. Дүниежүзінде теңдессіз ТБУ АЭЖХА Банкі Қазақстанда Қазатомөнеркәсіптің Үлбі металлургиялық зауытының аумағында орналасқан, бұл халықаралық қауымдастық тарапынан Қазатомөнеркәсіптің ядролық материалдармен жұмыс істеудегі көпжылдық тәжірибесіне білдірген жоғары сенімін және Қазақстанның ядролық қаруды таратпаудағы бейбіт бастамасын қолдауға қосқан үлесін дәлелдейді.

Біздің маркетингтік қызметіміз сатулар мен маркетинг саласындағы корпоративтік құзыреттерді күшейту, жаңа клиенттерді тарту, 2019 жылы жаңа алты клиент пен екі жаңа географиялық нарықты қосқанда, 11 елдегі 20-дан астам клиентті қамтитын қатысу географиясын кеңейту, сондай-ақ өнімдер желісін арттыру және UF6 мен төмен байытылған уранның алғашқы сатуларын қоса алғанда, отын циклінің жаңа өнімін нарыққа шығару есебінен бизнес үшін коммерциялық құнды сақтап келеді.

Қазатомөнеркәсіп тұрақты даму саласында үздік халықаралық тәжірибелерді ұстанады және біз қызметіміздің тұрақтылығын үнемі арттырып отыру үшін қомақты инвестициялар саламыз. Біздің негізгі басымдылық – қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. 2019 жылы біз LTIFR көрсеткішін 2018 жылғы деңгеймен салыстырғанда 22,6%-ға төмендете алдық. Өкінішке қарай, еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы табыстарымызға қарамастан, Директорлар кеңесі 2019 жылы өліммен аяқталған бір жазатайым оқиға туралы зор өкінішпен хабарлауға мәжбүр. Біз барлық кәсіпорындарымызда өндірістік жарақатының нөлдік деңгейіне жетуге үнемі тырысамыз және жарақаттану мен өлім жағдайларының алдын алу бойынша жұмысымызды, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жемқорлыққа қарсы әрекет ету және еңбек жағдайын жақсарту саласындағы тәжірибемізді жетілдіруді одан әрі жалғастыра бермекпіз.

2019 жылғы қызметіміздің қорытындысы Компания қабылдаған Даму стратегиясына және белгіленген даму басымдықтарына сәйкес. 2020 жылы Қазатомөнеркәсіп өндірістегі нарыққа бағдарланған тәсілін одан әрі ұстана отырып, озық салалық тәжірибелерді енгізу және корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру арқылы Даму стратегиясын одан әрі дамытуға және барлық мүдделі тараптарымыз үшін құндылығымызды барынша арттыруға күшін сала бермек.

«2020 жылы Қазатомөнеркәсіп үздік салалық практиканы енгізу және корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру арқылы өндірісте нарыққа бағдарланған тәсілді ұстануын жалғастыра отырып, Даму стратегиясын одан әрі іске асыруға және барлық мүдделі тараптарымыз үшін құндылықтарды барынша арттыруға күш салуын жалғастырмақ.»

Бізге ғана емес, салалардың басым бөлігіне, әлемнің барлық елдері мен құрлықтарына өзінің теріс әсерін тигізген COVID-19 коронавирусына байланысты жаһандық пандемияның салдарынан туындаған теңдессіз дағдарыс жағдайында, 2020 жылы белгіленген стратегиялық басымдықтарды іске асыру барысында басты назар қызметкерлеріміздің, олардың отбасыларының денсаулығы мен амандығын, Компанияның қызметіне қатысты жергілікті қоғамдастықтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталады. Біз Қазатомөнеркәсіп микро- және макроэкономикалық қиындықтарды жеңе отырып, әлемдік уран нарығындағы көшбасшылығын сақтап қалады деп сенеміз, бұл Компанияға құнды арттырып, төмен көміртекті энергетиканың болашағына одан әрі үлес қосуға мүмкіндік береді.